SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың балалары Әлия Шағиева мен Қадырбек Атамбаев Қой-Таштағы отбасылық үйден қуылғандарын мәлімдеді. Полиция олардың заттарын шығарып, арнайы контейнерге тиеп әкеткен.
Атамбаевтар сот ісі әлі жалғасып жатқандықтан, мұндай әрекетті заңсыз деп санайды. Қадырбек Атамбаев уақытша туыстарының үйінде тұрып жатқанын айтты.
Еске салсақ, Алмазбек Атамбаев 2011–2017 жылдары Қырғызстанды басқарған. 2019 жылдың тамызында Қой-Таштағы резиденциясында өткен арнайы операция кезінде ұсталған. Сол кезде бір арнайы жасақ қызметкері қаза болып, жүзден астам адам жарақат алған.
Кейін экс-президентке бірнеше ауыр айып тағылды: билік өкілдеріне күш қолдану, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, кісі өлтіруді ұйымдастыру, сыбайлас жемқорлық және жер телімдерін заңсыз алу. 2020 жылы ол 11 жылға сотталды, бірақ кейін кейбір айыптар алынып тасталып, 2022 жылы қазан оқиғасы бойынша ақталды.
2023 жылы 3,5 жыл түрмеде отырғаннан кейін босап шыққан Атамбаев шетелге кеткен. Ол Испанияда ем қабылдайтынын мәлімдеген еді.
Айта кетейік, биыл маусымда сот оны 11,5 жылға бас бостандығынан айырды.
RUS