760

Іздеуде жүрген Жоғарғы сот экс-төрағасының кеңесшісі Ресей азаматы болып шықты

Қарлығаш Тәткеева ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша іздеуде жүр.

Іздеуде жүрген Жоғарғы сот экс-төрағасының кеңесшісі Ресей азаматы болып шықты
qamqor.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асановтың азаматтық істер жөніндегі кеңесшісі болған экс-судья Қарлығаш Тәткеева ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша іздеуде жүр. Ол Ресей азаматтығын алғаны анықталды.

Rupep жобасы жариялаған деректерде Тәткееваның ресейлік төлқұжатқа тән белгілері бар суреті көрсетілген. Конституцияға сәйкес, қазақстандықтарға қос азаматтық алуға тыйым салынған. Мұндай жағдайда ҚР төлқұжатының күші жойылады. Тек өткен жылы ғана құқық қорғау органдары 1190 осындай деректі тіркеген.

Айтылған мәліметке қарағанда, Тәткеева Ресей азаматтығын жасырған. Соның арқасында ол қылмыстық іс қозғалған соң Қазақстаннан шығып үлгерген.

Қарлығаш Тәткеева Жамбыл облысында туған. Ол прокуратурада жұмысын бастап, кейін Қарағанды сот жүйесінде қызмет атқарған. Мансабының ең биік тұсы – Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың кеңесшісі болған кезі. Қазір Асанов Сенат төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Егер Тәткееваның ресейлік азаматтығы ресми расталса, оны Қазақстанға экстрадициялау мүмкін болмайды. Алайда кейде Ресейде рәсімдердегі қателіктерге байланысты берілген төлқұжаттар кері қайтарылып жатады. Сондықтан бұл оған толық қорған бола алмайды.

Материал авторы