Атыраулық алаяқтар зейнетақы қорынан 200 млрд теңгеден астам қаржы жымқырған
Атырауда бес қылмыстық топ ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда бес қылмыстық топ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын жүздеген миллиард теңгеге алдап кеткен. Олар жоқ стоматологиялық клиникалар арқылы ақша шығару схемасын жасап, халықтың жинақ ақшасын элиталы көліктерге, пәтерлерге және қымбат әшекейлерге жұмсаған. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі жеткізді.
Тергеу деректеріне сәйкес, ұйымдастырушылар жалған медициналық құжаттар жасап, азаматтарға «емделуге» деп зейнетақы жинақтарын шешіп алуға мүмкіндік берген. Осы мақсатта Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және тағы басқа қалаларда 30-дан астам стоматологиялық клиника қағаз жүзінде ашылған. Алайда олардың ешқайсында ғимарат та, құрал-жабдық та, тіпті дәрігер де болмаған. Көрсетілген мекемелердің иелері медициналық білімі жоқ адамдар болып шыққан.
Жалған құжаттарды рәсімдеу үшін ұйымдастырушылар клиенттерден алынған соманың 10–20 пайызын алып отырған. Ақшаны «қолма-қол етуге» 226 адам тартылып, оларды «дропперлер» ретінде пайдаланған.
«Жалпы 200 млрд теңгеден астам қаржы заңсыз шығарылды. Сол қаражатқа Mercedes-Benz G-class, BMW X-7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade секілді 15 қымбат көлік, 600 млн теңгеден жоғары тұратын жылжымайтын мүліктер, пәтерлер, жер телімдері мен брендтік әшекей бұйымдары сатып алынған. Қазір де қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», – делінген агенттік хабарламасында.
Бұл іс бойынша 59 тінту жүргізілген. Қазіргі таңда он күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалып жатыр.
Айып тек ұйымдастырушыларға ғана тағылуда. Ал зейнетақы жинағын шешіп алған азаматтар қылмыстық жауапқа тартылмайды. ҚМА мәліметінше, күдіктілердің құқығы сақталған: әрқайсысында адвокат бар, ал тергеу әрекеттерімен келіспеген жағдайда олар сотқа немесе прокуратураға шағымдана алады.
Материал авторы