448

Павлодарда мектеп оқушылары сабақ үстінде күйіп қалды

Оқушылар пластикалық бөтелкеге тұрмыстық еріткіш пен құбыр тазалайтын сұйықтық құйған.

Павлодарда мектеп оқушылары сабақ үстінде күйіп қалды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 15 қыркүйекте Павлодардағы №37 мектептің футбол алаңында дене шынықтыру сабағы кезінде оқыс оқиға болды. 6-сыныптың бірнеше оқушысы пластикалық бөтелкеге тұрмыстық еріткіш пен құбыр тазалайтын сұйықтық құйып, соның салдарынан химиялық реакция жүріп кеткен. Шашыраған қоспа балалардың денесіне тиіп, күйік жарақатын келтірген.

 

Салдарынан жеті оқушы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ екенін хабарлады.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндетін тиісінше орындамағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Кәмелетке толмағандардың өз әрекеті мен ата-аналарының жауапкершілігі арнайы комиссия отырысында қаралады. Сонымен қатар тергеу барысында мектеп әкімшілігінің іс-әрекетіне де құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Материал авторы