SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шардара ауданында 70 жастағы ер адамның мәйіті эксгумацияланды.
Қарияны бірнеше рет аяусыз ұрған туған ұлының әрекетінен кейін қайтыс болғаны хабарланған еді. Қазір нақты өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.
Әділет органдарының мәліметінше, жүргізіліп жатқан сараптамалардың мазмұны әзірге жарияланбайды. Істі Түркістан облысы полиция департаменті бақылауда ұстап отыр.
Оқиға Келес ауылында болған. Әлеуметтік желілерде Алмаз Садақбаев есімді жергілікті тұрғынның ауыр науқас әкесін ұрып жатқан сәті түсірілген видео тараған. Көршілердің айтуынша, үйдегі жағдайдан оның әйелі хабардар болғанымен, араласпаған.
Қария оқиғадан бір апта өткен соң көз жұмды. Осыдан кейін күдікті ретінде ұлы қамауға алынды. Полиция сонымен бірге келіншегіне қатысты да тергеу жүргізіп жатыр.
«Қарияның өлімі бойынша ҚК-нің “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұлы сот санкциясымен қамауда отыр. Ал келіншегіне қатысты “Топпен жасалған ұрып-соғу” бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді облыстық полиция департаменті.
Полиция отбасыдан бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ресми шағым түспегенін атап өтті. Алайда ауыл тұрғындары қарияның өліміне тікелей ұлы себепкер деген пікірде.
RUS