SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еуропалық одақ Ресейге қарсы 19-бап санкциялар пакетін қарауды белгісіз мерзімге шегерді. Бұл құжатта Қазақстанға қатысты да екінші деңгейлі экономикалық шектеулер болуы мүмкін еді.
Politico дереккөздеріне сүйенсек, санкциялар пакеті бастапқыда 17 қыркүйекте таныстырылуы тиіс болған. Алайда Брюссель мен Вашингтон қазіргі уақытта Венгрия мен Словакия билігіне ықпал етуге тырысуда – оларды ресейлік мұнайдан толық бас тартуға көндіру үшін. Осыған байланысты жаңа шараларды жариялау жоспары кейінге қалдырылды.
«Ақпарат еуропалық астаналарға дүйсенбі күні түстен кейін жолданды. Бірақ жаңа санкциялар пакеті қашан ұсынылатыны жайлы ешқандай дерек берілген жоқ. Еурокомиссия түсініктеме жасаудан бас тартты», – деп жазады Politico.
Басылым сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп бұл үдерісті әдейі созып, Еуропа елдерін америкалық мұнай мен газды көбірек сатып алуға итермелеуі мүмкін деген болжам айтады.
Бұған дейін Bloomberg Брюссельде Қазақстанға қатысты «санкцияларды айналып өтуді болдырмайтын құралдар» талқыланғанын хабарлаған. Бұл шаралар кейбір техника мен жабдықтардың Қазақстанға импортын шектеуді көздеуі ықтимал. Себебі олар кейін Ресейге қайта экспортталып, әскери өндірісте пайдаланылуы мүмкін деген қауіп бар. Дегенмен Bloomberg атап өткендей, мұндай тармақтар құжаттың соңғы нұсқасына енуі міндетті емес.
RUS