575

Астанада әлем чемпиондарын салтанатты түрде қарсы алды (ВИДЕО)

Отандастарымыз әлем чемпионатында 7 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізген еді.

Астанада әлем чемпиондарын салтанатты түрде қарсы алды (ВИДЕО)
instagram.com/qaz_team_official

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 16 қыркүйек күні Астана халықаралық әуежайында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында топ жарған Қазақстан боксшыларына құрмет көрсетілді.

World Boxing ұйымы биыл тұңғыш рет ересектер арасында өткізген әлем біріншілігінде қазақстандықтар 7 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Чемпиондарды қарсы алуға ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, туыстары мен жанкүйерлері келді.

Жеңіспен оралған боксшылар қатарында Айбек пен Нұрбек Оралбай, Санжар Тәшкенбай, Бекзад Нұрдәулетов, Сабыржан Аққалықов, Сағындық Тоғамбай, сондай-ақ бас бапкер Қайрат Сәтжанов бар.

Алда спортшыларды Әлем кубогының финалдық кезеңі, Азия чемпионаты және 2026 жылы Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындары күтіп тұр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы әуежайында Қазақстанның әйелдер құрамасы да салтанатты түрде қарсы алынған болатын.

Материал авторы