407

Қазақстанда зейнетақы жинағын стоматологияға пайдалану тоқтатылуы мүмкін

Тіс емдетемін деген желеумен ақша жымқырылып келген.

Қазақстанда зейнетақы жинағын стоматологияға пайдалану тоқтатылуы мүмкін
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге жұмсау нормасын алып тастау туралы жобаны қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат бойынша ұсыныстар 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін қабылданады.

«Жобада біржолғы зейнетақы төлемдерін стоматологиялық қызметтерге (тіс протездеу, имплантация) пайдалану мүмкіндігін алып тастау қарастырылған. Бұл шешім зейнетақы қаражатын мақсатсыз қолдану деректеріне байланысты қабылдануда», — делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі бес қылмыстық топтың қызметін анықтаған еді. Олар жалған құжат рәсімдеу арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражат шешуге көмектескен. Ұйымдастырушылар бұл үшін Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және өзге өңірлерде 30-дан астам «стоматологиялық клиника» тіркеген. Алайда олардың көпшілігі тек құжат жүзінде болған, ал халыққа ешқандай қызмет көрсетілмеген.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды.

Отбасы банкінің мәліметінше, бұл шектеу 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін күшінде болады.

Материал авторы