SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еурокомиссия Израильге қатысты жаңа шектеу шараларын қарастыруда. Бұл жолы Брюссель Тель-Авивпен қолданыстағы сауда жеңілдіктерін тоқтатуды көздеп отыр.
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас арнаға берген сұхбатында Израиль мен Еуроодақ арасындағы Сауда және қауымдастық келісімінің жекелеген баптарын уақытша тоқтату жоспарын растады.
2024 жылы ЕО мен Израиль арасындағы тауар айналымы 42,6 млрд еуроны құраған. Оның шамамен 37 %-ы жеңілдікпен жүргізілген саудаға тиесілі.
«Бұл өте қомақты сома. Сондықтан мұндай қадам Израиль үшін айтарлықтай қымбатқа түседі», — деді Каллас.
Аталған бастама өткен аптада Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен жариялаған жоспардың бір бөлігі. Ұсынысты ресми түрде осы сәрсенбіде талқылау жоспарланып отыр.
Алайда бастама жүзеге асуы үшін мүше елдердің білікті көпшілігінің қолдауы қажет. Ең бастысы, Германия немесе Италия секілді ірі елдердің келісімі шешуші рөл атқарады. Бұған дейін Берлин мен Рим Израильге қысым көрсетуге бағытталған барлық ұсыныстарды бөгеп келген.
«Егер әріптестерім жағдайды шынымен де ауыр әрі қолайсыз деп бағаласа, бірақ бұл шараларға қарсы болса, онда олар балама ұсынуы керек. Қазір басты сұрақ — біз бұл апатты жағдайға қалай жауап береміз?» — деді Каллас.
RUS