«Қоғамды оятып кетті...»: Талғарда қаза тапқан Шерзат Полаттың құрметіне көше атауы өзгеруі мүмкін
Мейірман Шекеев мәселе көтерді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полаттың есімі бір көшеге берілуі ықтимал. Мұндай ұсынысты марқұмның отбасының адвокаты әрі құқық қорғаушы Мейрман Шекеев көтерді.
Ол Instagram парақшасында қаланың әкімі Арыстан Бауырұмға ресми түрде жүгініп, Менделеев немесе Шота Руставели атындағы көшелердің бірін Шерзаттың атына ауыстыруды ұсынғанын жазды.
«16 жастағы Шерзат қанын төгіп қаза тапты. Ал қазір бұл көшелер кеңестік дәуірден қалған, Қазақстанға немесе Талғарға еңбегі сіңбеген адамдардың атымен аталады. Сондықтан мен әкімге Менделеев көшесін Шерзат Полаттың атына ауыстыруды ұсындым. Ол бұл бастаманы қолдауға тырысатынын айтты», — деді Шекеев.
Бірнеше күн бұрын Талғарда Шерзат Полатты еске алуға арналған ас берілген. Жиын барысында құқық қорғаушы оны «қазақстандық қоғамды оятқан адам» деп атады.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қазанда Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот басталған еді. Екі айға созылған сот процесі нәтижесінде тоғыз адамға 1,5 жылдан 23 жылға дейінгі түрме жазасы кесілді.
Материал авторы