Газадан небәрі 370 мың адам көшіп үлгерді – ЦАХАЛ
Газа секторын басып алу жалғасып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Газа секторы қатаң соққы астында қалып, жаяу әскери операция басталғанға дейін небәрі 370 мың тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл туралы Израиль армиясы (ЦАХАЛ) ресми мәлімдеді.
Алысқа кете алғандар көліктеріне ең қажетті заттарын тиеп, оңтүстікке қарай бағыт алса, көпшілік жаяу жүріп көшуде.
Палестиналық дәрігерлердің сөзінше, сейсенбіге қараған түні қирау мен жарылыстар толастамаған. Газа қаласындағы «Шифа» ауруханасының директоры доктор Мохамед Абу Сельмия «өте ауыр түн болғанын» айтты. Ауруханаларға түскен мәліметке сәйкес, кемінде 69 адам қаза тапқан.
Израиль тарапы Газа қаласын ХАМАС-тың «басты қамалы» деп сипаттап, тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға қоныс аударуға үндеп отыр. Бригадалық генерал Эфи Дефрин:
«ХАМАС Газаны ең ірі «тірі қалқанға» айналдырды. Біз бейбіт тұрғындарды соғыс аймағынан алыстатып, олардың амандығын қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз», – деді.
ЦАХАЛ соңғы апталарда оңтүстікте арнайы гуманитарлық аймақ құрып, азық-түлік, су, медициналық көмек пен уақытша баспана ұсынғанын мәлімдеді.
Еуропалық Одақ Израильді наземдік операцияны дереу тоқтатуға шақырды.
«Әскери қимылдар одан да көп қазаға, қиратуға және халықтың жаппай көшуіне әкеледі», – деп ескертті Еуропалық комиссия өкілі.
Британия Сыртқы істер министрі Иветт Купер де операцияны «қатерлі әрі бейберекет қадам» деп атап, «қосымша қан төгуді тоқтатуға» үндеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық координация басқармасы соңғы бірнеше күнде ғана шамамен 70 мың адам оңтүстікке көшкенін, ал соңғы бір айда бұл көрсеткіш 150 мыңнан асқанын хабарлады. Негізгі эвакуациялық бағыт саналатын Әл-Рашид жолы қазір қатты кептелісте.
Қазір Газа секторы әлем назарындағы ең шиеленісті аймаққа айналып отыр. Әскери қақтығыстардың өршуі бейбіт халықтың тағдырын күрт қиындатып, гуманитарлық дағдарысты тереңдетуде.
Материал авторы