SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы тұрғыны бұрынғы күйеуінен зорлық көргенін айтып, президентке бейнеүндеу жасады. Әйелдің сөзінше, ол 28 тамыз күні бұрынғы жұбайынан ауыр соққы алып, жақ сүйегін сындырып, бірнеше рет ота жасатуға мәжбүр болған.
«Үш жыл бұрын ажырасқанбыз. Екі кішкентай баламыз бар. Бүгінге дейін полициядан ешқандай шара көрілген жоқ. Маған бірнеше операция жасалды, ауруханада жаттым. Егер құқық қорғау органдары әрекет еткенде, мен президенттен көмек сұрап отырмас едім», – деді ол.
Әйел бұрынғы күйеуіне қатысты нақты шара қолдануды және заңды әділдікті талап етті.
Алматы қалалық ПД мәліметінше, оқиға расымен тіркелген. 28 тамызда Жетісу аудандық полиция басқармасына шағым түскен.
«Сол күні-ақ 36 жастағы ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы (денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) бойынша іс қозғалды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады ведомство.
Тергеу аяқталған соң, заң аясында шешім қабылданатыны айтылды.
Әлеуметтік желі қолданушылары әйелдің үндеуін қызу талқылап жатыр. Бірі «бұрынғы күйеуін дереу қамау керек» десе, екіншілері «заңды түрде балалардың қауіпсіздігі де қамтамасыз етілсін» деген талап қойып отыр.
RUS