SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында қоқыс полигонында тұтанған өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы құрылып, жағдайды бақылап отыр.
Министр Шыңғыс Арыновтың тапсырмасымен оқиға орнына Қарсы өрт қызметі комитетінің төрағасы Ерлан Турегелдиев келді. Қазіргі уақытта полигон аумағында алты учаскеге бөлінген өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су үздіксіз жеткізілу үшін Терен-Қара өзеніне арнайы автонасостық техника орнатылып, магистральді желі тартылған. Барлығы 11 өрт сөндіру құбыры мен бір лафет ұңғысы іске қосылған.
Өрттің негізгі қиындығы – қоқыс астындағы тлендеген ошақтардың 10 метр тереңдікте болуы. Сонымен қатар желдің бағыты өзгеріп, жалынды ауыздықтауды қиындатып отыр. Лак-бояу қалдықтарының көптігі де өрттің тез таралуына әсер етуде.
Жалынға қарсы күреске Алматы мен Шымкент қалаларынан, Жетісу, Абай, Қарағанды, Түркістан және Жамбыл облыстарынан қосымша күштер жіберілген. Әскерилер де жұмылдырылды. Барлығы 200-ден астам құтқарушымен 90-ға жуық техника тартылған.
ТЖМ мәліметінше, құтқарушылар тәулік бойы өрт ошақтарын инертті материалдармен көміп, топырақты нығыздап жатыр. Бұл әдіс оттегінің кіруін тоқтатып, өртті түпкілікті жоюға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, өрт Алматы қаласына жақын орналасқан Алатау ауданы маңындағы тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан. Мамандар тұрғындарға далаға себепсіз шықпауға кеңес беріп отыр. Алатау қаласының әкімдігі техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялауды жоспарлап отыр.
RUS