Мемлекеттік қызметкер халыққа тәрбиеші де, үлгі де болуы тиіс. Алайда соңғы кезде ел алдында жүрген біраз азаматтың өзі әдеп сақтамай, балағат сөз айтып, қоғамның наразылығын тудырып жүр. Жауапкершілігі жоғары лауазым иелері тәртіп бұзғанда, қарапайым халық кімнен үлгі алмақ?
Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіровтің ісі жұрт арасында кең талқыланды. Ол тамыздың 27-сіне қараған түні Алматыдан Астанаға ұшқан кезде әуежай автобусы ішінде жолаушыларға тіл тигізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған. Кейін ол мас күйінде тағы бір рейсте ұсталып, полицияға жеткізілді. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «қоғамдық орындарда мас жүру» және «балағат сөз айту» баптары бойынша хаттама толтырылды.
Бірінші сатыдағы сот прокурорды кінәсіз деп тапқанымен, апелляциялық сот шешімді жойды. Сот алқасы оның кінәсін куәгерлердің сөзімен, полиция баянатымен және ресми хаттамалармен дәлелдеді. Нәтижесінде, 20 жылдан астам тәжірибесі бар 48 жастағы прокурор «ұсақ бұзақылық» бабымен айыпталып, 78 640 теңге айыппұл төледі. Қазір Маңғыстау облысы прокуратурасы қызметтік тергеу жүргізуде.
Қостанайдағы жағдай да жұртты шулатты. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Алмас Әбілдин стадион күзетшісін балағаттап, жанжал шығарған сәті видеоға түсіп қалған. Сот оны кінәлі деп танып, айыппұл салды. Бұдан бөлек, әкімдік шешімімен лауазымы төмендетіліп, тәртіптік жазаға тартылды.
Екі жағдайда да мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне қайшы әрекеті қоғамды алаңдатты. Президенттің 2022 жылғы жарлығымен бекітілген кодекске сәйкес, шенеунік кез келген ортада сыпайы, сабырлы, қарапайым болуға міндетті. Бұл талап жұмыс уақытында ғана емес, қызметтен тыс уақытта да сақталуы тиіс. Ал бақылау Әдеп жөніндегі комиссия мен кеңестің құзырында.
Соңғы оқиғалар көрсеткендей, шенеуніктердің өздері тәртіп бұзып, балағат сөзге ерік беріп отыр. Бұл – қоғам сенімін шайқалтып қана қоймай, мемлекеттік қызметтің беделіне де үлкен соққы.
RUS