Ресей санкциядан айналып өту үшін бартерге қайта оралды
Ресей өз тауарларын Қытаймен айырбастап күнін көріп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей бидайы мен зығырын Қытайдан келетін көліктер мен құрылыс материалдарына айырбастап жатыр. Мұндай келісімдердің нақты көлемін есептеу мүмкін емес, себебі мәмілелердің басым бөлігі жасырын жүреді. Дегенмен Reuters дереккөздері соңғы айларда бартерлік саудаға қызығушылық күрт артқанын айтады.
Үш онжылдықтан кейін Ресей сыртқы саудада алғаш рет бартерді кеңінен қолданып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл – Украинадағы соғыстан кейін енгізілген санкциялардың тікелей салдары. АҚШ, ЕО және олардың одақтастары 2014 жылдан бері Мәскеуге 25 мыңнан астам шектеу қойды. Ал 2022 жылы ресейлік банктер SWIFT-тен ажыратылған соң, дәстүрлі қаржылық арналардан өту мүлдем қиындады.
Reuters-тің мәліметінше, Қытай банктері екінші реттік санкциялардан қауіптеніп, ресейлік қаражатты қабылдаудан бас тартқан. Сондықтан есеп айырысулар көбіне тауармен жүреді.
– Ресейлік астыққа айырбасталған қытайлық көліктер;
– Зығыр тұқымына берілген тұрмыстық техника мен құрылыс материалдары;
– Металдарға ауыстырылған өнеркәсіптік жабдықтар.
Reuters осындай сегіз мәмілені анықтап отыр, бірақ олардың көбі тіркелмегендіктен бақылау мүмкін емес.
Ресей кеден қызметі бартердің бар екенін мойындағанымен, жалпы саудадағы үлесі тым аз екенін айтады. Алайда сарапшылар басқа жайтқа назар аударады: биылғы алғашқы алты айда Ресей орталық банкінің деректері мен кеден статистикасының айырмашылығы 7 миллиард долларға жеткен. Бұл жасырын бартер көлемінің өскенін көрсетеді.
Экономика министрлігі 2024 жылы арнайы «бартерлік мәмілелер навигаторын» шығарған. Онда компанияларға санкциядан қашу үшін тауар айырбастау жөнінде нұсқаулық берілген. Тіпті мұндай келісімдерге арналған алаң құру ұсынылған.
Ресейлік бизнес төлемнің түрлі жолдарын қатар қолдануда: біреулер криптовалютамен есептеседі, өзгелері шетелдік «төлем агенттеріне» жүгінеді, ал кейбірі қолма-қол ақша тасиды. БКС компаниясының өкілі Сергей Путятинскийдің айтуынша, шағын кәсіп иелері көбіне криптовалютаны пайдаланып отыр.
Владимир Путин Ресей экономикасы соңғы екі жылда G7 елдерінен жылдам өсіп жатыр деп мәлімдегенімен, сарапшылар елде инфляция жоғарылап, техникалық рецессия жүріп жатқанын айтады.
РАСПП өкілі Максим Спасскийдің пікірінше, бартердің қайта өрлеуі – доллардан алшақтау, санкциялық қысым және серіктестердің өтімділік проблемаларының белгісі. Ол мұндай мәмілелердің көлемі арта беретініне сенімді.
Материал авторы