SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде 33 жастағы Дмитрий Седовтың өлімі төңірегінде дау күшейіп барады. Ер адамға пышақ жарақатын келтірген әйелі тергеу кезінде «аффект күйінде әрекет еткен» деп танылып, амнистия бойынша босатылған. Бұл шешім марқұмның отбасы үшін ауыр соққы болды.
Седовтың туыстары үйдің бір бұрышына суреттері қойылған шағын естелік бұрыш орнатып, сол қасіретті түнді ұмыта алмай жүр. Тергеу нұсқасына сәйкес, әйелі күйеуіне бір рет пышақ сұққан. Бірақ марқұмның жақындары бұл дерекке сенбейді:
«Істе бір ғана пышақ жарақаты деп көрсетілген. Ал оның денесінде екеу болған. Оның үстіне, біреуі арқасынан өкпесіне тиген. Егер аффект болса, ол ештеңе есіне сақтамауы керек еді. Ал ол бәрін минуттап айтып берді», – дейді марқұмның ағасы.
Марқұмның анасы да келіні оқиғаның ізін жасыруға тырысқанын айтады. Оның сөзінше, әйел алғашында «Диманы аулада бір топ жасөспірім өлтірді» деп хабарлаған. Отбасы келгенде Седовтың денесі жуылып-шайылған күйде жатқанын көрген.
Седовтар отбасы істі қайта қарауды талап етіп отыр. Олар жаңа сараптама жүргізуді сұрағанымен, негізгі материалдар Астанаға емес, Оралға жіберілгеніне наразы.
«Қылмыс уақыты 20:10 деп көрсетілген. Бірақ аффект күйін 20:37-де тіркеп отыр. Ал жедел жәрдем 20:39-да шақырылған. Бар болғаны екі минут айырмашылық. Мұның бәрі оны жауапкершіліктен құтқару үшін жасалып отыр ма?» – дейді марқұмның ағасы.
Полиция әзірге нақты ақпарат бермей отыр. Тек істің қайта тергеліп жатқанын және қосымша сараптама тағайындалғанын растады.
Дмитрий Седов небәрі 33 жасында қаза тапты. Жұбайымен некесі екі жыл ғана болған. Оның өлімінен бері бес ай өтті. Отбасы бұл жолы іс сотқа жетіп, кінәлі жазасын алады деген үмітте.
RUS