SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, оппозиционер Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальная Батыс зертханаларына үндеу жасап, күйеуінің қандай удан қаза болғаны жөніндегі деректерді ашық жариялауды талап етті. Бұл туралы ол 17 қыркүйекте Telegram-арнасында жазды.
Навальнаяның айтуынша, 2024 жылдың ақпанында күйеуінің биологиялық үлгілерін шетелге шығарып, бірқатар зертханаларға тапсыруға мүмкіндік болған. Бірнеше ай бұрын екі түрлі елдің мамандары тәуелсіз түрде жүргізген зерттеулер Навальныйдың уланғанын дәлелдепті.
Алайда саясаткердің жесірі нақты қандай у қолданылғанын біле алмай отырғанын айтады:
«Батыс елдерінің бұл іске қылмыстық іс қозғауға заңдық негізі жоқ, өйткені Ресей азаматы Ресей аумағында өлтірілді. Бірақ біз бәріміз бұл шындықты білуге лайықпыз. Мен осы нәтижелерді ашық жариялауды талап етемін – өзім үшін, балаларым үшін, Алексейдің ата-анасы үшін, жақтастарымыз үшін және бүкіл әлемде бостандық пен әділдік үшін күресіп жүргендер үшін», – деді Юлия Навальная.
Еске салайық, 2020 жылы Томск–Мәскеу рейсінде Алексей Навальныйдың жағдайы күрт нашарлап, ұшақ шұғыл Омскіге қонған еді. Кейін саясаткер ес-түссіз күйінде Берлиндегі «Шарите» клиникасына жеткізілді.
Германия қарулы күштерінің зертханасы Навальныйдың ағзасынан «Новичок» тобына жататын жүйке салындырғыш удың іздерін тапқан. Бұны Швеция, Франция зертханалары және Химиялық қаруды тыйым салу ұйымы (ОЗХО) да растады.
2021 жылдың қаңтарында Навальный Ресейге оралып, бірден қамауға алынды. Оппозиционер бірнеше жылға сотталып, Сібірдегі колонияда жазасын өтеп жатқан. 2024 жылғы 16 ақпанда ол түрмеде қайтыс болды.
RUS