SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Ерейментау қаласында өткен халықаралық турнирде ауыр жарақат алған 15 жастағы ақтөбелік спортшы көз жұмды. Марқұмның денесі туған жеріне жеткізіліп, туыстары жерлеу рәсіміне дайындалып жатыр.
Қайғылы жағдай 7 қыркүйекте Перуаш Қарымұлының құрметіне ұйымдастырылған қазақ күресінен Х халықаралық жарыста орын алған. Белдесу кезінде жасөспірім басынан ауыр жарақат алып, мойнын сындырып алған.
Жараланған спортшыны шұғыл түрде Астанаға жеткізіп, дәрігерлер бірнеше күн бойы өмірі үшін күрескенімен, аман алып қала алмады.
Ақмола облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, қазір тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендиннің сөзінше, жас балуан турнирге барлық талаптарға сай қатысқан: қажетті жас шамасы, бірінші спорттық разряды, медициналық құжаттары және ата-анасының рұқсаты болған.
«Бұл – жазатайым жағдай. Бала барлық талаптарға сай болды. Әр белдесудің алдында бапкер шәкіртін кілемге дайындайды. Сол рәсім орындалған. Бірақ бір әдісті орындау кезінде сәтсіз құлап, ауыр жарақат алды», – деді Ардақ Төлендин.
RUS