SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасоваға қатысты сот процесі өтіп жатыр. Ол тергеуде ғана емес, сот залында да ақша әкімнің қолына өзім апарып бердім деп куәлік етті. Бұл туралы Kazinform жазды.
Сотталушының айтуынша, әңгіме Қарашоқат ауылындағы мектеп құрылысын аяқтау үшін демеушілерден қаражат жинау кезінде шыққан. «Дәнекер» ЖШС-нен түскен ақша әкімнің өтінішімен бөлінген, келіссөзді аудан әкімі Жанболат Жидехановтың өзі жүргізген.
«Алғашында 25 млн теңге сұралды, кейін 15 млн теңгеге тоқтады. 2024 жылдың қазан айында әкім мені шақырып, қаражаттың тез арада түсуі керегін айтты. Демеушіге қызметкерімнің нөмірін беріп едім, ашуланып, басқа сенімді адамды тап деді. Содан кейін құрбыма хабарластым, оның есепшотына ақшалар түсті», — деді Сәдуақасова.
Тергеу деректеріне қарағанда, құрбысының шотына бірнеше рет қаржы аударылған: алғашқысы — 5 млн теңге, кейінірек тағы бірнеше төлем жасалып, жалпы көлемі 12,5 млн теңгеге жеткен. Сол ақшаның бір бөлігін қолма-қол алып, әкімге бергенін де мойындады. Дегенмен соңында Антикор қызметкерлері оны Ақтөбеде 7,5 млн теңгені алған сәтте ұстаған.
Сотталушының сөзінше, ұсталғанда өз еркімен 6,5 млн теңгені тапсырған, ал 1 млн теңге сөмкесінде қалғанын кейін мойындаған. Бірақ ол өзін қорқыту не қысым көрсету болмағанын айтады.
«Әкімнің өзі хабарласып, үндеме, бәрін менің атымнан айт деп тапсырды», — деді ол сотта.
Қорғаушысы әкімді куә ретінде сотқа шақыруды сұрағанымен, өтініш қанағаттандырылмады.
Шұға Сәдуақасова Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 1 және 4-тармақтары бойынша айыпталып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, ол мемлекеттік қызметпен өмір бойына айналысу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін. Сондай-ақ пара сомасының 60-70 еселенген мөлшерінде айыппұл салу немесе 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
RUS