294

Еурокомиссия Израильге қарсы санкциялар пакетін ұсынды

Егер Германия немесе Италия қолдаса, құжат қабылдануы мүмкін.

Еурокомиссия Израильге қарсы санкциялар пакетін ұсынды
Eero Vabamagi / imago-images.de / Global Look Press

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еуропалық комиссия Израильдің Газа секторындағы әскери қимылдары мен Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы қоныстануды тереңдеткені үшін санкциялар пакетін жариялады. Енді бұл ұсынысты қабылдау үшін ЕО елдері білікті көпшілік дауыспен шешім қабылдауы тиіс.

Комиссия таратқан құжатта санкциялар тізіміне ХАМАС ұйымының он мүшесі, сондай-ақ Израиль үкіметіндегі ультраоңшыл екі министр – қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен қаржы министрі Бецалель Смотрич енгізілген. Оларға Батыс жағалаудағы зорлық-зомбылыққа арандату айыбы тағылды.

Еурокомиссияның мәлімдеуінше, шешім «Газа секторындағы гуманитарлық ахуалдың күрт нашарлауына, гуманитарлық көмектің бөгелуіне және Израильдің әскери операцияларын күшейтуіне» байланысты қабылданған.

ЕО-ның жоспарланған шаралары:

Израильмен жасалған сауда жеңілдіктерін тоқтату;

Израильдік экстремистік министрлер мен агрессивті қоныстанушыларға қарсы санкциялар енгізу;

Израильге көрсетілетін екіжақты қолдауды қысқарту, бірақ азаматтық қоғам мен «Яд Вашем» Холокост мемориалына әсер етпейді.

Бұл жағдайда ЕО-Израиль қауымдастық туралы келісімі аясындағы баж салығынан босатылған тауарларға тарифтер енгізіледі. Сарапшылардың есебі бойынша, Израиль жылына қосымша 227 млн еуро кедендік төлем жасайтын болады.

2024 жылы ЕО – Израильдің ең ірі сауда серіктесі болды: екіжақты тауар айналымы 42,6 млрд еуроға жеткен.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен:

«Газа секторындағы қантөгіс тоқтауы тиіс. Жедел бітім, гуманитарлық көмектің еркін жеткізілуі және ХАМАС ұстап отырған барлық тұтқындарды босату қажет», – деді.

Ал ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі өкілі Кая Каллас:

«Мақсат – Израильді жазалау емес, Газа халқының азабын жеңілдету. Біз Израиль үкіметіне қысым жасап, саясатын өзгертуге итермелеуге тырысып отырмыз», – деп түсіндірді.

Израиль СІМ басшысы Гидеон Саар бұл ұсыныстарды сынға алып, фон дер Ляйенді «ХАМАС-тың қолын күшейтті» деп айыптады.

Алдағы уақытта ЕО елдері ұсынысты дауысқа салады. Егер Германия немесе Италия қолдаса, құжат қабылдануы мүмкін. Алайда екі ел де әзірге Израильге қарсы шараларға үзілді-кесілді қарсы. 

Материал авторы