Санжар Боқаев Үлкен Алматы өзенінен гранит тақталар ұрланып жатқанын айтты
Басқарма 12 гранит тақтаның ұрланғанын растады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит тақталардың заңсыз тиеп әкетіліп жатқан сәтін видеоға түсіріп алды.
Кадрдан өзен жағалауынан алынған тақталарды жүк көлігіне тиеп жатқанын, ал бүкіл процесті полиция қызметкері сырттай бақылап тұрғанын көруге болады. Боқаев көлікті аңдып жүріп, оның Алматы облысы Талғар ауданына, гранит құлпытастар жасайтын ғимаратқа барғанын анықтаған. Жүргізуші бастапқыда тастарды қоқыс алаңынан алғанын айтқанымен, белсендінің қысымынан кейін тақталарды орнына қайта апарып тастаған.
Алматы қалалық экология және қоршаған орта басқармасы оқиғаға түсініктеме беріп, фактіні растады. Ведомство мәліметінше, 15 қыркүйек күні белгісіз жүк көлігі заңсыз түрде 12 гранит тақтаны алып кеткен. Тергеу барысында жүргізуші «Ақылбек» есімді азаматтың өтініші бойынша күзетшімен келісіп, тақталарды тиегенін және бұл үшін 50 мың теңге сыйақы уәде етілгенін мойындаған.
Басқарма өкілдері жағалауда абаттандыру және реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Жобаға сәйкес, Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан ескі және бүлінген тақталар алынып тасталады. Қайта жарамды элементтер Торайғыров көшесінен Сәтпаев көшесіне дейінгі учаскеде қайта қолданылады, ал олардың орнына бетон жабындысы төселеді.
Жалпы 2 110 тақта алынған, соның ішінде 1 250-і қайта орнатылып, қалғаны кейінгі пайдалану үшін қоймаға жіберілген. Абаттандыру жұмыстарын мердігер «Павлодар өзен порты» АҚ атқарып жатыр, компания бұл факт бойынша полицияға арыз түсірген.
Материал авторы