SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-бас директоры Мұрат Досмұратов толық ақталғаннан кейін қайтадан мұнай-газ саласында қызметке оралды. Ол «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС-нің мұнай өңдеу және мұнай-химия жөніндегі басқарушы директоры болып тағайындалды.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинскийдің айтуынша, әріптестері Досмұратовты жоғары білікті инженер-химик, тәжірибесі мол маман ретінде сипаттайды. Ол Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын бітіріп, сол жерде кандидаттық диссертация қорғаған. Шымкент мұнай өңдеу зауытында қарапайым оператордан бас технологқа дейін көтеріліп, кейін «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобында, сондай-ақ KPI Inc., Rominserv SRL және KLPE ұйымдарында жұмыс істеген.
Мұрат Досмұратов 2022 жылы Атырау МӨЗ-ін басқарды. Сол кезде зауытта бірнеше айдан бері жылу алмастырғыш қондырғысына қатысты қиындықтар туындап, өндіруші компания оны кепілдік бойынша ауыстырудан бас тартқан еді. Осыған байланысты экс-басшыға «жаңа жабдық сатып алуға негізсіз қаржы бөлді» деген айып тағылып, зауыт шамамен екі миллиард теңге шығынға ұшырады деген күдікпен іс қозғалды.
2024 жылдың соңында сот Досмұратовты кінәлі деп танығанымен, кейін Бас прокуратура істі қайта қарауды талап етті. 2025 жылдың тамызында Атырау облыстық соты істі қайта қарап, айыптаудан толығымен бас тартты. Бұл – ел тарихында сирек кездесетін жағдайлардың бірі болды, себебі өңірлік прокуратураның өзі айыптаудан ресми түрде бас тартқан.
Нәтижесінде Мұрат Досмұратов толық ақталып, мемлекет орынсыз қылмыстық қудалау үшін одан кешірім сұрады.
RUS