SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путиннен көңілі қалғанын айтты. Оның сөзінше, Украинадағы соғысты реттеу ең жеңіл міндет болады деп ойлаған, алайда бейбіт келіссөздер бірнеше айға созылған Вашингтон бастамаларына қарамастан тұйыққа тірелген. Бұл туралы ол 18 қыркүйекте Ұлыбританияға жасаған сапарында мәлімдеді.
«Адамдар қаза тауып жатыр, сондықтан бұл соғысты тоқтатуға міндеттімін. Біз шешілмейтіндей көрінген жеті соғысты реттей алдық, соған мақтанамын. Бірақ ең жеңілі болады деп санағаным – Путинмен қатынас еді. Ол мені қатты қапалантты», – деді Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында.
Америкалық лидер тамыз айында Аляскада өткен келіссөздерге тоқталып, бұл кездесуді қателік деп санамайтынын атап өтті. Дегенмен, оның Путинге қойған ультиматумдары нәтиже бермеген. Трамп Батыс елдерін Ресей мұнайын сатып алуды доғаруға шақырып отыр, алайда АҚШ әзірге Мәскеуге қарсы жеке санкциялар енгізуден тартынуда.
Өз кезегінде Кир Стармер Ресейге қысымды күшейту қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, тек қатаң қысым кезінде ғана Кремль белгілі бір ымыраға баруға ниет білдіреді.
Айта кетейік, Трамп Вашингтонда журналистерге берген сұхбатында «Зеленский мәмілеге келуі керек» деген пікір айтқан, бірақ қандай шарттарды меңзегенін нақтыламады.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский соңғы апталарда Ресей мыңдаған дрон, жүздеген зымыран және қуатты авиабомбамен шабуыл жасағанын хабарлады. Киев бұған жауап ретінде Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына, терминалдары мен қоймаларына соққы бергенін мәлімдеді.
RUS