Франция Палестинаны мойындайтыны үшін, Израиль оған тісін қайрап отыр
Енді Израиль Францияға шабуылдауы мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль Францияның Палестинаны мемлекет ретінде тануына байланысты бірқатар қатаң шараларды қарастырып жатыр. Бұл туралы Politico басылымы дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап жазды.
Франция президенті Эммануэль Макрон шілде айында БҰҰ Бас Ассамблеясының қыркүйектегі сессиясында Палестинаның мемлекеттік мәртебесін қолдайтынын жариялаған болатын. Бұған жауап ретінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қарсы әрекеттердің түрлі сценарийін әзірлеуде.
Politico дерегінше, ықтимал қадамдар қатарында Батыс жағалаудағы жерлерді жедел аннексиялау, Иерусалимдегі француз консулдығын жабу және Израиль аумағындағы Францияға тиесілі нысандарға, соның ішінде христиандық Элеон тауы ғибадатханасына шектеу қою бар.
Израильдің сыртқы істер министрінің орынбасары Шаррен Хаскель консулдықты жабу мәселесі Нетаньяху күн тәртібінде тұрғанын растады. «Израиль жауап шараларынан бас тартпайды», – деді ол. Еуропалық бір дипломаттың айтуынша, Макрон бұл процесстің басты қозғаушы күшіне айналған, сондықтан Нетаньяхумен диалог қиындай түскен.
22 қыркүйекте Франция БҰҰ-да Палестинаны мойындауға арналған конференция өткізуді жоспарлап отыр. Ұлыбритания да ұқсас позиция ұстанып, егер Израиль Газа секторындағы әскери операцияны тоқтатпаса және гуманитарлық көмекті бөгей берсе, Бас Ассамблея сессиясына дейін Палестинаны танитынын мәлімдеген.
Қазіргі уақытта Палестинаны БҰҰ-ның 147 мүшесі, соның ішінде Ресей де мойындап отыр. 2024 жылы АҚШ вето құқығын қолданып, Палестинаның БҰҰ-ға толық мүше болуына кедергі жасаған еді. Содан бері Ирландия, Норвегия, Испания және Арменияны қоса алғанда тағы 10 мемлекет палестиналық мемлекеттілікті ресми түрде растады. Ресейдің ресми ұстанымы – 1967 жылғы шекаралар негізінде, астанасы Шығыс Иерусалим болатын Палестинаны құру.
Материал авторы