340

Ресей Сібірге бет бұра ма?

«Российская газета» басылымында Ресей билігіне жақын публицист Сергей Карагановтың мақаласы жарияланып, халықаралық ақпарат кеңістігінде қызу талқыланып жатыр. «Үлкен Еуразия үшін логистика» атты бұл жазбада автор Ресейдің болашағы Еуропада емес, Сібірде екенін алға тартады.

Ресей Сібірге бет бұра ма?
pixabay

Карагановтың айтуынша, Украинадағы соғыс шешуші кезеңге жақындаған. Еуропамен арадағы қайшылық ұзаққа созылуы мүмкін, бірақ Мәскеу енді «батыс бағытында тұралап қалмай», Сібірді дамытуды негізгі басымдық етуі керек. Ол өңірді Ресейдің «төл мекені» деп атап, болашақ даму орталығы дәл сонда болатынын айтады.

Автордың ойынша, Сібір арқылы жаңа логистикалық дәліздер салынып, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасына қосылуы қажет. БАМ мен Транссібір магистральдары ішкі көлік жүйесінің бөлігі болып қала бермек. Сондай-ақ өзен жолдары арқылы тасымалды күшейту ұсынылады.

Караганов Ресейдің үш ғасырлық «Еуропаға саяхаты» аяқталғанын, енді елдің саяси, мәдени және рухани дамуы шығысқа қарай ойысатынын жазады. Ол православие, ислам, буддизм мен иудаизмнің тамыры да шығыста екенін атап өтеді.

Мақаланың жариялануы Кремльдің көзқарасын білдіре ме, жоқ па – нақты емес. Дегенмен сарапшылар бұл жазбаны Ресейдің жаңа стратегиялық бағытын танытатын белгі ретінде бағалап отыр.

Айта кетсек, Сергей Караганов – Путиннің штаттан тыс кеңесшісі. Қазақ туралы ол «қайсар халық» деп оң пікір айтқан кездері де бар.

Автор Серік Алдан