1218

Атырауда қаза тапқан фельдшердің жесір қалған әйелі Жоғарғы сот пен Бас прокуратураға үн қатты

Марқұмның әйелі күдіктінің үйқамаққа шығарылғанын айтты.

Атырауда қаза тапқан фельдшердің жесір қалған әйелі Жоғарғы сот пен Бас прокуратураға үн қатты
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда қастандықпен өлтірілген фельдшердің жары Әзиза Аркенова соттың шешіміне наразы екенін білдіріп, Жоғарғы сот пен Бас прокуратурадан араласуды талап етті. Оның видеоүндеуі 18 қыркүйекте жарияланды.

«3 қыркүйекте судья күдіктіні қамауға алу туралы шешім қабылдады, ал 12 қыркүйекте оны үйқамаққа жібереді. Бұл әділдік пе? Біреулерге жеңілдік жасалады да, басқалары изоляторда отырады. Мұндайға қалай көне аламыз?» – деді Аркенова.

Ол үйқамаққа шыққан күдікті тергеуге кедергі келтіріп, іздеуде жүргендерге көмектесуі мүмкін екенін айтты.

«Мен 23 жасымда жесір қалдым, қолымда жас балам бар. Күйеуімді көшеде атып өлтірді. Ал қылмысқа қатысы барлар үйіне қайтарылады. Бұл қайдағы әділдік?» – деп налиды ол.

Еске салсақ, қанды оқиға 17 тамызда Химпоселок ықшам ауданында болған. Жұмыскер мен Авангард ықшамаудандарының шамамен 30 тұрғыны қарулы қақтығысқа шыққан. Куәгерлердің сөзінше, олардың қолында бірнеше қару болған, кейбірі әлі табылған жоқ.

Қақтығыс кезінде фельдшерді алдымен ұрып-соғып, кейін жүрек тұсынан оқ атқан. Ол оқиға орнында көз жұмды. Қазір барлық күдікті ұсталған жоқ, кейбіреулері қашып жүр. Дереккөздердің хабарлауынша, олардың бірі – полиция қызметкерінің туысы.

Әзиза Аркенованың үндеуін қала тұрғындары да қолдады. Әлеуметтік желіде көптеген адам сот шешіміне наразы болып:

«Егер кісі өлтіргендер үйқамаққа шығатын болса, біздің қауіпсіздігімізге кім кепіл?» – деген пікір білдіруде.

Материал авторы