426

«Баланың бағасы 500 мың теңгеден басталады»: Қазақстанда сәбилерді сату фактілері әшкереленді

Бала сататындар саны азаймай тұр.

«Баланың бағасы 500 мың теңгеден басталады»: Қазақстанда сәбилерді сату фактілері әшкереленді
Sputnik / Сергей Гунеев

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді сату деректері тіркеліп отыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Адам саудасымен күрес басқармасы хабарлады.

Басқарма басшысының орынбасары Шынар Күшербаева биыл, яғни 2025 жылдың басынан бері балаларды сату фактілеріне қатысты 19 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Алматыда да тіркелген.

«Барлық істер жаңа туған сәбилерді асырап алу мақсатында сату жағдайларына байланысты. Бұл қылмыстарда екі тарап бар: бір жағында бала көтере алмай жүрген отбасылар болса, екінші жағында түрлі себеппен баладан бас тартқысы келетін әйелдер. Ал оларды жалғап, пайда табатын делдалдар әрекет етеді», – деді Күшербаева.

Мәліметке сәйкес, сәбиді сату құны 500 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Күшербаеваның айтуынша, кей әйелдер қаржылық қиындыққа байланысты немесе жоспарсыз жүктілік себебінен мұндай қадамға барады.

Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстардың жолын кесу үшін арнайы шараларды жалғастырып жатқанын атап өтті.

Материал авторы