SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Айқын Төлепбергеннің экс-жұбайы, жазушы әрі блогер Әсел Төлепберген әлеуметтік желіде жүрекжарды жазбасын жариялады.
Әселдің айтуынша, биылғы жыл оңайға соқпаған. Үлкен ұлы сырқаттанып, сол үшін алаңдағанын жасырмады.
«Қыркүйектің екінші аптасы аяқталып келеді. Бұл – оқу жылының да екінші аптасы. Апта біраз уайыммен өтті. Ұлым Аңсардың тізесіне физиотерапия емін алып жүрміз. Дәрігер бұрын-соңды естімеген ауыр сөз айтты. Енді күнде ем-дом жасаймыз. Сонымен бірге жаттықтырушыға сенімхат рәсімдеу керек. Күзгі демалыста командасы Ташкентке турнирге барады. Мен ұлымның жарақатын уайымдаймын, ал ол спорттық формасынан айырылып қалам ба деп қорқады», – деп жазды ол.
Блогер әрі жазушы күнделікті тұрмыс пен шығармашылықты қатар алып жүрудің күрделілігін де бөлісті.
«Балаға бағыт көрсету керек, бірақ бәрін өзің істеп бермеу маңызды. Ол үшін темірдей төзім қажет. Кейде терезеге қарап, күздің әдемі бояуларын сезінгім келеді. Тауда серуендеп жүрген, фотосессия жасаған адамдардың сторисін қызғанышпен көремін. Жеке даму ойы да маза бермейді. Әсіресе 40 жастан асқанда бұл сезім күшейеді. Алда кітап фестивалі бар, романымды таныстыруға дайындалып жүрмін.
Бұрын құрылыс жобаларының презентациясын жасасам, қазір өз кітабымның таныстырылымын неден бастарымды білмеймін. Қазан айында оқуға қайта тапсырамын. Иә, жасым қырықтан асса да, әлі үйреніп жүрмін. Ана ретіндегі жауапкершілік, тұрмыстық шаруалар мен өзін-өзі жүзеге асыру арасындағы тепе-теңдікті іздеп жүрмін. Ең бастысы – күзді өткізіп алмау. Күз деген қысқа…», – деп түйіндеді Әсел Төлепберген.
RUS