SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда темекі өнімдерінің өндірісі рекордтық деңгейге жетті. Биылғы тамыз айында елде 2,4 миллиард дана сигарет шығарылған. Бұл бір ай бұрынғыдан 25 пайызға, ал былтырғы тамызбен салыстырғанда 33 пайызға көп.
Жалпы қаңтар-тамыз аралығында 14,8 миллиард дана темекі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 33 пайызға артық. Жаңа фабрикалар да іске қосылуда, мысалы биыл Алматы облысының Қарасай ауданында жаңа зауыт ашылды.
Сауда көлемі де өскен. 2023 жылы шылым сатылымы бағасы қымбаттағанына қарамастан 69 пайызға артқан. Бірінші тоқсанда өндірілген темекі өнімдерінің құны 92,7 млрд теңгеге жетті.
Темекінің денсаулыққа зияны жайлы жиі айтылса да, шегушілер қатары азаймай тұр. ДДСҰ дерегінше, әлемде шылым шегуден жылына 8 миллионнан астам адам көз жұмады. Қазақстанда бұл көрсеткіш – жылына 18 мың адам.
Тек адам денсаулығы ғана емес, экологияға да қауіп бар. Мамандардың есебінше, жыл сайын шегілген темекіден 600 млн-нан астам ағаш жойылады, 200 мың гектар жер бүлінеді, 22 млрд тонна су ластанады. Ал темекі өндірісінен шығатын көмірқышқыл газы бүкіл әлемдік әуе компаниялары шығаратын газдың бестен біріне тең.
Жастар арасында электронды темекіге әуестік күшейген. Оған заң бойынша тыйым салынып, кәмелетке толмағандарға сатуға қатаң шаралар енгізілді. Тыйымды бұзғандарға ірі айыппұл мен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, шылым өндірісі мен тұтынуының өсуі – қоғамдық денсаулыққа да, қоршаған ортаға да үлкен қауіп.
RUS