487

Ұлыбритания, Канада және Австралия Палестинаны ресми түрде тәуелсіз мемлекет деп мойындады

Палестинаның бейбіт өміріне жол ашылды.

Ұлыбритания, Канада және Австралия Палестинаны ресми түрде тәуелсіз мемлекет деп мойындады
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 21 қыркүйекте Ұлыбритания, Канада және Австралия билігі Палестинаны егемен мемлекет ретінде танитынын мәлімдеді.

Алдымен бұл туралы Канада премьер-министрі Марк Карни хабарлады. Ол мұндай қадам «Палестина мен Израиль үшін бейбіт болашақ құруға бағытталғанын» айтты.

Австралия премьері Энтони Албаниз де Палестинаны мойындағанын жариялап, болашақта ХАМАС-тың елдің саяси өмірінде ешқандай рөл атқармауы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол палестиналық билікке реформалар жүргізіп, демократиялық сайлау өткізу қажеттігін жеткізді.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бұл шешімнің басты мақсаты – қақтығысты саяси жолмен шешуге жақындату екенін айтты. Сонымен бірге ол ХАМАС өкілдеріне қарсы санкциялар дайындауды тапсырған.

22 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы аясында тағы бірнеше мемлекет – соның ішінде Франция мен Португалия – Палестинаны мойындауға дайын екендерін жарияламақ.

12 қыркүйекте Бас ассамблея Нью-Йорк декларациясын қабылдап, онда «екі мемлекет» қағидаты негізінде палестиналық қақтығысты реттеу қарастырылған болатын. Бұл бастаманы Франция мен Сауд Арабиясы көтерген еді.

Израиль мен АҚШ құжатқа қарсы дауыс берді. Израиль Сыртқы істер министрлігі декларацияны «ХАМАС-ты террористік ұйым деп атамаған, шынайылықтан алшақ саяси цирк» деп атады.

Палестинаны мойындау процесі Израильдің Газада жүргізіп жатқан ауқымды әскери операцияларының аясында өтіп жатыр.

Материал авторы