Қаржы мониторингі «стоматологтардың» элиталы көліктерін көрсетті
Атырауда зейнетақы қорынан 200 млрд теңге жымқырылғаны айтылған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысындағы атышулы «стоматологиялық істі» тергеу барысында Қаржылық мониторинг агенттігі күдіктілерден тәркіленген мүлікті жариялады.
Бұған дейін АФМ зейнетақы қоры арқылы заңсыз шығарылған қаражат көлемі 200 миллиард теңгеден асқанын мәлімдеген еді. Күдіктілер бұл ақшаны 600 миллион теңгеден аса сомаға 15 қымбат көлікке (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade) жұмсап, элиталық пәтер, коммерциялық нысандар, жер телімдері мен зергерлік бұйымдар сатып алған.
ҚМА дерегінше, алаяқтар Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және өзге қалаларда 30-дан астам жалған стоматологиялық клиника ашқан. Шын мәнінде бұл ұйымдардың ғимараты да, жабдығы да, мамандары да болмаған. Тіпті мамандардың өздері медициналық білімі жоқ адамдар болып шықты. Құжат рәсімдеу үшін олар алынған қаражаттың 10–20 пайызын алып отырған.
Іс аясында 59 тінту жүргізіліп, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды. Зейнетақы қаражатына алынған мүлікті іздеу жалғасып жатыр.
ҚМА күдіктілердің құқығы бұзылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Барлық тергеу шаралары заң аясында жүргізіліп жатыр, әрбір күдіктінің қорғаушысы бар, адвокаттардың клиентке қол жеткізуіне шектеу қойылған жоқ», – делінген агенттік хабарламасында.
9 қыркүйекте ҚМА басшысы Жанат Элиманов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа зейнетақы қорының қаражатын заңсыз шешіп алу фактілері туралы баяндады. Алаяқтық негізінен стоматологиялық қызмет түрінде жасалған.
«Отбасы банк» те 2021 жылдан 2025 жылдың тамызына дейін тек стоматологиялық қызмет бойынша 757 миллиард теңгеге 795 мыңнан астам транзакция жасалғанын хабарлады. Оның ішінде 222 миллиард теңге ең ірі 20 клиникаға аударылған, соның тең жартысы Атырауда орналасқан. Бір ғана клиникаға азаматтар 22,9 миллиард теңге жіберген.
Осыған байланысты 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда зейнетақы жинағын стоматологиялық қызметке пайдалану тоқтатылды. Кейін банк өтінім қабылдауды қайта бастайтын күнді жариялады.
Материал авторы