SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей Мемдумасының депутаты Николай Новичков әлеуметтік желілерде шетелдік агенттерді қолдайтын азаматтардың арнайы реестрін құруды ұсынды. Ол бұл бастаманы «елдің ішкі дұшпандарымен күрестің келесі қадамы» деп атады.
Новичковтың пікірінше, ең алдымен әлеуметтік желілер пайдаланушыларға жеке хабарлама арқылы ескерту жасап, олардың қай парақшаларды қарап жүргенін хабарлауы тиіс.
«Азамат шетелдік агенттердің немесе экстремистердің парақшасына кіргенде, оған бірнеше рет ескерту жасалуы керек. Ал егер адам бұған қарамастан «Ресейдің жауларымен» байланысын жалғастыра берсе, онда оны «иноагенттерді қолдаушылар» тізіміне енгізу мәселесін қарастыру қажет», — деді депутат.
Ол мұндай тізімге құқық қорғау органдары мен прокуратура қол жеткізе алатынын атап өтті. Депутаттың айтуынша, бұл шара тек қасақана «деструктивті әрекеттерге барушыларға» бағытталады.
«Әркім қателесуі мүмкін. Бірақ егер азамат бірнеше мәрте ескертуден кейін де Ресейдің жауларына лайк басып, пікір жазып, жазбаларын таратуды жалғастырса — мұндайды назарсыз қалдыруға болмайды», — деді Новичков.
RUS