SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда өзін әлеуметтік желіде «qazaq_robin_hood» деп таныстырған Ильяс Сәриев сот алдында жауап беріп жатыр. Ол басқаратын «Халыққа көмек» қорының атына жиналған күмәнді әрекеттер көпбалалы аналардың шағымынан кейін әшкере болды. Бұл туралы Orda.kz жазды.
Сәриевке Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлімі, 4-тармағы («Ірі көлемде алаяқтық») бойынша айып тағылды. Істі Алмалы аудандық соты қарауда.
Залға арнайы келген жәбірленушілердің бірі Айман Жүргенбаева үш жасар, сал ауруына шалдыққан қызына көмек сұраған. Оның айтуынша, Сәриев наурыз айында үйіне келіп, баланың жағдайымен танысқан соң, қайырымдылық жинауды бастаймын деп сендірген. Бірақ «жұмысы үшін» 1,5 млн теңге талап еткен.
«Менде ондай ақша болмаған соң, бөліп төлеуге бола ма деп сұрадым. Ол келісті. Ақыры 750 мың теңге бердім. Бұл қаржы қызыма ота жасату үшін елден жиналған ақша болатын. Бірақ уәде еткен видеоны түсірмеді, ешқандай қор ашпады», – деді Жүргенбаева.
Тағы бір зардап шеккен әйел – Венера Сұлтанқызы. Ол да қызының емі үшін Сәриевке сеніп, қомақты қаржы бергенін айтты.
«Алғашында көмектесемін деді, бірақ 1,5 млн теңге сұрады. 500 мың теңгені оның серіктестерінің атына аудардым. Кейін тағы 50 мың теңге жол шығынына бердім. Бірақ не видео шықпады, не қор ашылмады. Ақыры ол жоқ болып кетті. Ақшаны несиеге алып едім», – деді Сұлтанқызы.
Кейбір жәбірленушілер онлайн қосылып отырды, себебі олар әртүрлі өңірден. Көбі «ақшамызды қайтарып берсе, кешіруге дайынбыз» деп мәлімдеді.
Келесі сот отырысы 25 қыркүйекке белгіленді.
RUS