Журналист Думан Мұхаммедкәрім қалалық ауруханаға жатқызылған
Денсаулығына қауіп жоқ дейді Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы қамауда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайына қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Мұхаммедкәрімнің қалалық емханаға жатқызылғанын растады.
«Медициналық бақылау қорытындысы бойынша оның жағдайы қанағаттанарлық. Сотталушы жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерден өтіп, зертханалық талдаулар тапсырды, қажетті мамандардың кеңесін алды», – делінген ресми хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, 30 тамыз және 19 қыркүйекте клиникалық және диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, ауыр сырқат белгілері анықталмаған.
«Оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, шағымы жоқ. Қазір медицина қызметкерлері жіті бақылап отыр», – деп қосты ҚАЖК.
Сондай-ақ, сотталушының камерасына белгісіз зат лақтырылды деген шағым тексерілгенімен, бейнежазбалардан мұндай факт расталмаған. ҚАЖК өкілдері журналистің жағдайы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Биыл уәкіл мен ұлттық профилактикалық комиссия екі рет мониторинг жүргізген.
Еске салайық, Думан Мұхаммедкәрім «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша айыпталып, маусым айының соңында қамауға алынған. Құқық қорғаушылар істің саяси астары бар екенін айтып, оны «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан.
Материал авторы