812

«Қасында Чина деген адам болды»: Хасан Қасымбаев ісінде жәбірленуші күтпеген мәлімдеме жасады

Бәрін ұмытып қалдым деді жәбірленуші.

«Қасында Чина деген адам болды»: Хасан Қасымбаев ісінде жәбірленуші күтпеген мәлімдеме жасады
Orda.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғарда Хасан Қасымбаев пен оның серіктестеріне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Алайда басты жәбірленуші Айыпжан Тәжіев күтпеген мәлімдеме жасады: «Хасанға ешқандай талабым жоқ», – деді ол.

Айта кетейік, дәл осы Тәжіевтің алғашқы айғақтары іс қозғауға себеп болған еді. Қасымбаевқа «MMA жаттықтырушысы Арман Әлімұловты соққыға жықты және ақша бопсалады» деген айып тағылған. Қылмыстық істің өзі 36 томнан тұрады. Оның ішінде Қасымбаевпен бірге тағы бес адам сотталушы ретінде қарастырылып отыр.

Сот формалды түрде ашық болғанымен, журналистерді залға кіргізбеген. Кезекті тыңдау кеш басталды. Кейбір айыпталушылар денсаулығына шағымданды.

Айыпжан Тәжіев айыпталушылардың көзінше жауап беруден бас тартып, сот оларды залдан шығарып жіберді. Қорғаушылар мұны айыпталушылардың құқығын бұзу деп атады.

Тәжіевтің сөзіне қарағанда, ол Хасанмен алғаш рет 2016 жылы кездескен.

«Мені Дархан деген танысым Талғарға ертіп барды. Ол мені тауға апарды. Сол жерде алғаш рет Хасанды көрдім. Қасымда Чина деген адам болды. Кейін бәріміз кафеге бардық. Бірақ операциядан кейін көп нәрсені дұрыс есімде сақтай алмаймын», – деді жәбірленуші.

Соттағы сұрақтардың көбі «Есімде жоқ, білмеймін» деген жауаппен шектелді. Үзіліс кезінде ол ҰҚК ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлерінің бақылауында болды. Хасанның әпкесі Айжан Қасымбаева Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Тәжіевке «Не сұраса да, тек “есте жоқ, білмеймін” деп айт» деп сыбырлағанын естігенін айтты.

Қорғаушылар да жәбірленушінің жауабы қайшылыққа толы екенін жеткізді:

«Өзі “Хасаннан ештеңе талап етпеймін” деді. Бар шағымы Дарханға қатысты екенін айтты. Хасан бір рет қана ұрды деп отыр. Ал ақша бопсалау фактісін мүлде растаған жоқ. 36 том материал бар, бірақ Тәжіев олармен танысқан-таныспағанын да нақты айта алмады».

Осы отырыста Арман Әлімұловтың анасынан да жауап алынды. Ол Талғар полициясын сынға алып, қылмыстық іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермегенін айтты.

Хасан Қасымбаевтың есімі былтыр қазан айында Шерзат Полат қаза тапқаннан кейін көпшілікке танылды. Осы оқиғадан соң оның ағасы Аслан акиматтағы қызметінен кеткен. Тағы бір ағасы Ержан кеденшіні өлтіру ісінде фигурант ретінде өткен болатын.

Материал авторы