SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде Альбина Итеғұлова тамыз айында егіз сәбиін өмірге әкелген. Алайда қуанышты сәт дәрігерлердің қателігі салдарынан қайғыға ұласқанын айтады. Оның сөзінше, кесар тілігі кезінде акушерлер қуығын тіліп жіберген. Соның салдарынан қазір жатыр мен қуық бір орган сияқты жұмыс істеп тұр.
«18 тамыз — өмірімдегі ең бақытты күн болуы керек еді. Егіздерім дүниеге келді. Бірақ отадан кейін жағдайым күрт нашарлады. Қызуым 39 градусқа дейін көтерілді. Кейін тексерісте "қуық-жатырлық жыланкөз" диагнозын қойды. Енді қуық пен жатыр бір-біріне жалғасып кеткен», – дейді ол.
Альбина қазір арнайы қапшықпен жүретінін, күнделікті өмірі қиынға соғып жатқанын айтады. Дәрігерлер шетелде күрделі ота қажет екенін хабарлаған. Бұл операция тек Кореяда жасалады және құны шамамен 60 мың доллар немесе 33 миллион теңгеге бағаланып отыр.
«Қазір көпшілік "сотқа бер" деп кеңес айтып жатыр. Бірақ ол маған жеңілдік әкелмейді. Мен үшін бастысы – балаларымды құшақтап, қалыпты өмірге оралу. Сондықтан әрбір қолдау, дұға немесе қаржылай көмек маған өте маңызды», – деді Итеғұлова.
Бұл мәселеге қатысты Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ота тәжірибелі дәрігерлердің қатысуымен жасалған, алайда асқыну әйелдің бұрынғы бірнеше медициналық жағдайына байланысты болуы мүмкін.
«Босанған әйелге жоспар бойынша республикалық клиникаларда ота жасау ұсынылған еді. Бірақ таңдау әрқашан пациенттің өзінде. Қазір әйелді ота жасаған дәрігер тұрақты бақылауда ұстап отыр», – деп мәлімдеді басқарма.
RUS