Түркияда қазақстандық әйелді қағып өлтірген жүргізуші 395 мың теңге айыппұлмен құтылды
Түркияда қаза тапқан қазақстандық әйел ісі бойынша сот үкімі шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркия соты 38 жастағы қазақстандық әйелдің өліміне себеп болған жол апаты ісі бойынша айыптыға айыппұл салды.
2023 жылдың 13 қазанында Аланья қаласында жол-көлік оқиғасы салдарынан Қазақстан азаматшасы Әлия Құлмағамбетова қаза тапқан еді. Оның әпкесі Меруерт Ибраева сот үкімі туралы Facebook парақшасында жазды.
«Сот екі жылға созылды. Бастапқыда айыптыға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді, кейін алғаш рет сотталғаны ескеріліп, 2 жыл 1 айға қысқартылды. Ақырында бұл жаза 30 400 лира (шамамен 395 мың теңге) айыппұлға ауыстырылды. Сондай-ақ төрт айға көлік жүргізу құқығынан айырылды», — деді ол.
Марқұмның туыстары үкімге наразы. Ибраеваның айтуынша, айыпты адам қамауға алынбаған, ал апаттан кейін көп ұзамай әлеуметтік желіде белсенді өмір сүріп, видео жариялаған.
«Бұл біздің ата-анамызға қалай айтуға болады? Жаяу жүргіншіні үлкен жылдамдықпен қағып өлтірді, ал жаза — шамамен 700 доллар айыппұл және төрт ай жүргізуші куәлігінен айыру», — деп жазды ол.
Отбасы сот шешімін жоғары тұрған инстанцияға шағымдануға ниетті.
Материал авторы