571

Қазақ ұны АҚШ-та «Product of Kazakhstan» таңбасымен сатыла бастады

Америкалықтар енді қазақ ұнын онлайн сатып ала алады.

Қазақ ұны АҚШ-та «Product of Kazakhstan» таңбасымен сатыла бастады
DepositPhotos

Қазақстанда өндірілген ұн АҚШ нарығына шықты. Нью-Йоркке алғашқы 50 тонна бидай ұны жеткізіліп, Amazon мен Walmart онлайн-дүкендерінде сатылымға қойылды. Қаптамада «Product of Kazakhstan» деген белгі бар, бұл – отандық өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын көрсететін бренд.


Amazon

Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен ашылған QazTrade кеңсесі Вашингтонда жұмыс істеп тұр. Бұл өкілдік Қазақстан мен АҚШ арасындағы онлайн-саудаға және дистрибуцияға жол ашып жатыр. Қазір америкалық мейрамханалармен және ірі сауда желілерімен келіссөздер жүргізілуде. Болашақта ай сайын 100 тоннадан астам қазақстандық ұн жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ АҚШ нарығына қарақұмық, талқан, гранола, шоколад және какао сияқты басқа да азық-түлік өнімдерін шығару көзделген.

Сауда статистикасы:
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд доллар болған. Соның ішінде Қазақстан экспорты 30%-ға өсіп, 2 млрд долларға жетті. Қазір АҚШ-қа ең көп экспортталатын өнімдер – мұнай, күміс және ферроқорытпалар.

АҚШ-тан Қазақстанға негізінен ұшақтар мен қосалқы бөлшектер, техника, дәрі-дәрмек, құс еті және көлік құралдары келеді.

QazTrade кеңсесінің ашылуы екі ел арасындағы сауда байланысын күшейтіп, Қазақстанның тұтынушылық тауарларын америкалық нарыққа шығару мүмкіндігін кеңейтеді деп күтілуде.

Авторы Серік Алдан