489

Зейнетақы қорынан заңсыз алынған 200 млрд теңге қайтарылмайды

200 млрд теңге қарапайым азаматтардан өндірілмейтін болды.

Зейнетақы қорынан заңсыз алынған 200 млрд теңге қайтарылмайды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық клиникалар арқылы заңсыз шығарылған 200 млрд теңге қарапайым азаматтардан өндірілмейтінін хабарлады. Қылмыстық жауапкершілік тек алаяқтыққа қатысы бар тұлғаларға жүктеледі.

ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) мерзімінен бұрын алынған қаражатты тұрғындардан қайтару талап етілмейді.

«Азаматтарға өз қаражаттарын қорға қайтарудың қажеті жоқ. Қылмыстық іс қордан заңсыз ақша шығарумен айналысқан тұлғаларға қатысты ғана қозғалды. Олар жалған стоматологиялық клиникалар ашып, лицензия алып, құжаттарды қолдан жасау арқылы қаржы алған», — деді Елемесов Мәжіліс кулуарында.

Агенттіктің дерегінше, әзірге тергеу Атырау облысындағы бес қылмыстық топқа қатысты жүргізіліп жатыр. Олар 200 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген. Қазір жеті адам қамауға алынған, тағы бірнеше күдіктіге қатысты шара қолдану жоспарлануда. Сондай-ақ лицензия берген және қызметті бақылауға тиіс уәкілетті органдардың әрекетіне де құқықтық баға беріледі.

Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап стоматологиялық қызметке зейнетақы жинағын пайдалану өтініштері қабылданбайды.

Материал авторы