SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдап, Нұрбол Назарбаевқа тиесілі деп есептелетін активтер мен жер телімдерінің толық тізімін жариялауды және олардың мемлекетке қайтарылуын талап етті.
Депутаттың айтуынша, жуырда сот Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтан 57 млрд теңге көлеміндегі активтерді тәркілеп, 925 млн теңге айыппұл және 230,4 млн теңге өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Қазір оның барлық банк шоттары мен бизнеске иелік ету құқығы бұғатталған.
Алайда Зайытов тәркіленген мүліктің ішінде даулы «Алтын Орда» базары мен Алматы өңіріндегі жер телімдері бар-жоғы түсініксіз екенін айтты. Депутат бұл ақпараттың жабық болуы қоғамда сенімсіздік туғызатынын атап өтті.
Зайытов Бас прокуратурадан:
Назарбаевтар отбасының барлық активтеріне түгендеу жүргізуді;
Заңсыз иеленген мүлікті мемлекетке қайтаруды;
Қайтарылған мүлік туралы толық есепті ашық жариялауды;
«Алтын Орда» базары мен Алматы облысындағы жерлер бойынша тергеу бастауын талап етті.
«Азаматтар мемлекетке қайтарылған активтердің ел игілігіне жұмыс істейтініне және жауапты тұлғалардың жазасыз қалмайтынына көз жеткізуі тиіс», — деді депутат.
Еске сала кетейік, бұған дейін Активтерді қайтару комитеті Нұрбол Назарбаевқа тиесілі қаражаттың заңсыз жолмен жиналғанын анықтап, сот арқылы мемлекет пайдасына өндіріп алды. Бұл шешім апелляцияда да күшінде қалды.
Қазір Астанада жаңа азаматтық іс қаралуда. Сот жабық режимде өтіп жатыр, себебі «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға сәйкес кей мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін оның мұрагері жалғыз ұлы Нұрбол болып қалғаны хабарланған. Оның иелігінде Шамалғандағы әулеттік үй, Бурабай мен Щучинскідегі жерлер, Алматыдағы BNC Plaza бизнес орталығы және бірнеше құрылыс, инвестициялық компаниялар бар екені айтылған.
RUS