Астанада вандализм азаймай тұр: айыппұл 800 мыңға дейін көтерілді
Астанада қоғамдық және жеке мүлікті қиратып кететіндер азаймай тұр. «Заң мен тәртіп» қағидасын күшейту мақсатында биыл вандализм үшін жаза қатаңдатылды: айыппұл көлемі 800 мың теңгеге дейін өсті, түзеу жұмыстары мен әкімшілік қамау шарасы да қолданылады. Ал залал ірі болса, қылмыстық іс қозғалады.
Дегенмен тәртіп бұзушылар тыйылмай отыр. Қалалық полицияның мәліметінше, қаңтар-шілде аралығында 140 адам вандализм үшін жауапқа тартылған. Олардың 81-і 30 тәулікке қамалды, 57-сіне айыппұл салынды. Айыппұл мөлшері кей жағдайда 235 мың теңгеге жеткен.
Мысалдар да көп:
– біреу ғимараттағы мониторды жұлып алып, еденге соғып сындырған;
– тағы бірі шлагбаумды күштеп көтеріп, майыстырып тастаған;
– жасөспірімдер түнде көліктерге тас атқан;
– бейнекамераларды сындырып кеткендер болған.
Қалалық прокуратура ұсақ бұзақылық пен тыныштықты бұзғандарға 30 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылғанын еске салды. Биылдың алғашқы бес айында ғана 4,6 млн теңге айыппұл салынып, 54 адам қамауға алынған.
«Стоп, вандал!» акциясы жүріп жатыр
Астанада вандализмнің алдын алу үшін «Стоп, вандал!» акциясы жалғасуда. Түнгі және күндізгі рейдтер, түсіндіру жұмыстары, еріктілер мен спортшылардың қатысуымен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Негізгі мақсат — қала мүлкін қорғау және тәртіпсіздікті азайту.
Өңірлерде де жағдай ұқсас
Мәселен, Ақтауда ер адам көлік орны үшін бордюрді кувалдамен сындырған. Шығыс Қазақстанда үш адам аялдама мен жол белгілерін қиратып кеткен, олардың бірі — кәмелетке толмаған. Қостанайда жылы аялдаманың шыны есігін сындырған ер адам 200 мың теңгеге шығынды өтеп, тағы 150 мың теңге айыппұл төлеген.
Құқық қорғау органдары вандализм тек әкімшілік емес, ауыр шығын келтірсе, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Автор Серік Алдан