416

Павлодарда ЖЭО-2 аумағында жұмысшы жігіт қаза тапты

33 жастағы дәнекерлеуші жұмыс үстінде көз жұмды.

Павлодарда ЖЭО-2 аумағында жұмысшы жігіт қаза тапты
24.kz / кадр

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодардағы жылу электр орталығында (ЖЭО-2) 23 қыркүйекте қайғылы оқиға болды. 1992 жылы туған жұмысшы өндірістік жарақаттан көз жұмды. Бұл туралы Kazinform жазды.

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы хабарлағандай, шақырту сағат 15:00 шамасында түскен. Дәрігерлер тоғыз минут ішінде оқиға орнына жеткенімен, ер адам сол жерде жан тапсырған.

Өндірістік жағдайды облыстық еңбек инспекциясы да растады.

«Павлодарэнерго» АҚ-ның ЖЭО-2 станциясында субмердігер компания жұмысшыларына қатысты жазатайым оқиға тіркелді. Қондырғыны бөлшектеу кубтарын шығару кезінде 4-разрядты дәнекерлеуші ауыр жарақат алып, сол жерде қайтыс болды, — деп хабарлады Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті.

Қазіргі таңда қайғылы жағдайдың нақты себептерін анықтау үшін арнайы тексеріс басталды.