SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысының жарлығымен Зүлфия Сүлейменова Қазақстан Президентінің кеңесшісі – халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл қызметінен босатылды.
Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін ЕҰУ-де магистр дәрежесін, ал 2016 жылы Жапониядағы Ұлттық саяси зерттеулер институтында PhD доктор дәрежесін қорғаған.
Әр жылдары Сүлейменова Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында, БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхит аймағына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясында (ЭСКАТО), сондай-ақ БҰҰ даму бағдарламасында түрлі қызметтер атқарды.
Саяси мансабында Мәжілістің VII шақырылым депутаты болды, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамында жұмыс істеді. 2022 жылдың наурызынан 2023 жылдың қаңтарына дейін экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болды.
2023 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарды. Сол жылдың қыркүйегінен бастап Президент кеңесшісі – халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл болып тағайындалған еді.
RUS