376

Құлсарыдағы жарылысқа қатысты тергеу әлі бітпей жатыр

Жанармай бекетіндегі жарылыста ерлі-зайыпты қайтыс болған еді.

Құлсарыдағы жарылысқа қатысты тергеу әлі бітпей жатыр
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысы Құлсары қаласында жанар-жағармай бекетінде болған жарылысқа байланысты қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің 281-бабы 3-бөлімі («Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу») бойынша қозғалған. Сараптамалар тағайындалған, күдікті қамауға алынған. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері жария етілмейді.

Аталған бап бойынша кінәлілер үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге шектеу қойылуы қарастырылған.

Еске салсақ, 30 мамырда Құлсарыдағы «Ниет» жанар-жағармай құю бекетінде газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам қаза тапқан еді. Өрт салдарынан 14 адам түрлі жарақатпен Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.

Оқиғадан кейін облыс әкімі Серік Шәпкенов жедел штабтың шұғыл отырысын өткізіп, жағдайды бақылауға алған. Тергеу барысында жарылыс газ таситын көліктен резервуарға газ құю кезінде болғаны анықталды.

Материал авторы