SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан ІІМ украиналық әріптестерімен бірлесіп, отандастарды жүздеген миллион теңгеге алдаған ірі колл-орталықтың жолын кесті.
Мәліметке сәйкес, колл-орталық Украинадағы Черновцы мен Одесса қалаларында жұмыс істеген. Толыққанды кеңсе болған: администраторлар, HR-менеджерлер, «силовой блок» және техникалық қызметкерлер жұмыс істепті.
Алаяқтар қазақстандықтарға телефон шалып, өздерін банкирлер, күштік құрылым өкілдері немесе арнайы қызмет қызметкерлері ретінде таныстырған. Жәбірленушілерді «қаржылық терроризмді қолдадың» деп қорқытып, несие алуға, мүлкін сатуға және ақшаны жалған шоттарға аударуға мәжбүрлеген. Сенімділік үшін жасанды интеллект арқылы дауыс пен бейнені өзгертіп, дипфейктерді пайдаланған.
23 қыркүйекте өткен арнайы операция кезінде кол-орталық толығымен жойылды. Алдын ала есеп бойынша, қазақстандықтарға келтірілген шығын 900 млн теңгеден асқан.
«Ұйымдасқан топ ішінде нақты иерархия болған: администраторлар, HR-менеджерлер, „клоузерлер“, „суық қоңыраушылар“, техникалық мамандар және „қорқыту тобы“. Алынған қаражат кол-орталықтың жұмысына, қымбат көліктер сатып алуға жұмсалды. Тек бір күдікті жарты жылда бес көлік алған», — деп мәлімдеді ІІМ.
Тінту барысында 30-дан аса компьютер, 79 телефон, ондаған SIM-карта, жалған куәліктер, сценарийлер және құқық қорғаушылардың формасы табылды.
Арнайы операция нәтижесінде тоғыз Украина азаматы ұсталды, олардың бесеуі қамауға алынды. Сонымен бірге Қазақстан мен Ресейдегі ондаған компанияға шабуыл жасаған тағы бір қылмыстық топ әшкереленді.
RUS