Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді оқыту бойынша колледж оқытушыларына арналған семинар өтті
Елордада колледж оқытушыларына арналған «Түсінуден стратегияға: ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді оқыту және өзара әрекеттесу» тақырыбында қалалық семинар өтті. Іс-шараны Қазақстанда инклюзивті білім беру саласында 10 жылдан бері бастамаларды іске асырып келе жатқан «Bolashak Charity» қоғамдық қоры ұйымдастырды
Семинардың мақсаты — оқытушыларға аутизм спектрі бұзылыстары және басқа да менталды ерекшеліктері бар студенттердің ерекшеліктерін түсіндіру, сондай-ақ олармен сабақ барысында және сыныптан тыс іс-шараларда тиімді өзара әрекеттесудің әдіс-тәсілдерін ұсыну.
Семинарға Астананың сегіз колледжінен шамамен 70 оқытушы қатысты. Оқыту процесін халықаралық сертификатталған мінез-құлық талдаушылары және «Bolashak Charity» қорының мамандары жүргізді.
— Біз әрбір ерекше қажеттілігі бар студент өз әлеуетін ашып, оқу ортасында түсіністікке ие болатындай жағдай жасауды мақсат етеміз. Инклюзия — бұл жай ғана біріктіру емес, бұл — құрмет, қолдау және саналы көзқарас. Студенттерді ерекше білім беруді қажет ететін жағдайда оқытудағы негізгі қиындық – олардың мінез-құлық ерекшеліктерінің әртүрлі болуы және мұғалімдердің оған дайын болмауы. Әр баланың ерекшелігі әрқалай, сондықтан да оқытушыларға осындай студенттерді тиімді оқытуға қажетті құралдар мен дағдыларды үйрету маңызды, — деді «Bolashak Charity» қорының инклюзия бағдарламаларының үйлестірушісі Самал Албилекова.

Семинар аясында қатысушылар келесі тақырыптарды меңгерді:
• Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді сүйемелдеу әдістері;
• Қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып, оқу материалдарын бейімдеу принциптері;
• Аутизмі бар студенттерді оқытуға арналған практикалық құралдар мен тәсілдер;
• Сыныптан тыс іс-шараларды ұйымдастыру және тиімді өзара әрекеттесу жолдары.
Семинар тәжірибеге бағытталған түрде өтті — әрбір қатысушы теориялық білім алып қана қоймай, ұсынылған құралдарды оқу кейстерінде қолданып көруге мүмкіндік алды. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
2024 жылдан бастап «Bolashak Charity» қоры менталды ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіптік даярлау және жұмыспен қамтуға бағытталған Оқу-өндірістік комбинаттар жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба басталғалы бері 80-нен астам адам оқудан өтті, 11-і тәжірибеден өтті, 3-еуі жұмысқа орналасты. Өткен жылы Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, Астана қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі базасында аутизмі бар жасөспірімдерге арналған арнайы топтарда оқытудың пилоттық жобасы іске қосылды. Жасөспірімдер аспазшы-кондитер және тігінші мамандықтары бойынша білім алуда. Бүгінде бағдарламаға ерекше білім беру қажеттілігі бар 20 студент қатысуда.
Анықтама:
«Bolashak Charity» ҚҚ «Әр бала мектепке лайықты» бағдарламасына 10 жыл
«Bolashak Charity» қоғамдық қоры 2015 жылдан бастап аутизм және басқа да менталды ауытқулары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бойынша «Әр бала мектепке лайық» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Қор Қазақстан бойынша 90-нан астам арнайы оңалту мекемелері мен кабинеттерін ашып, жабдықтады. Олардың қатарында 24 қалада орналасқан балабақшаларда, мектептерде және колледждерде 75 инклюзияны қолдау кабинеті бар.
Жоба аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2000-нан астам бала қамтылды, соның ішінде 1000-нан астам бала үйде оқытудан шығарылып, мектепке барып оқу мүмкіндігіне ие болды.
Аутизм, Даун синдромы, ДЦП және басқа да даму ерекшеліктері бар 200-ге жуық бала кәсіби және спорттық оқытумен қамтылды. «Bolashak Charity» ҚҚ елімізде алғаш болып аутизмі бар жасөспірімдерге кәсіби білім беруді бастаған.
10 жыл ішінде Қор еліміздің балабақшалары, мектептері және колледждерінде сапалы инклюзияны қамтитын инклюзивті білім беру жүйесін құрды.
Инклюзивті білім беру саласында 600 жаңа арнайы жұмыс орны құрылды. 4500 маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша оқытудан өтті. 2500-ден астам балалар үйінің тәрбиеленушілері Қордың шығармашылық бағдарламаларына қатысты.
Қордың инклюзияны қолдау кабинеттері Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша эксперименттік алаңдар желісіне енгізілді. Ел бойынша Қор үлгісіндегі 1500 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.
Инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған 100-ден астам сапалы ұсыныстар мен заңнамалық актілерге түзетулер енгізілді. Қор ҚР Парламенті Сенаты, «AMANAT» партиясы және министрліктер жанындағы инклюзияны дамыту жөніндегі жұмыс топтарының мүшесі болып табылады.
Қор ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагог-ассистенттерге арналған «Ерекше білім алуға мұқтаж балаларды оқытудағы мінез-құлықтық технологиялар: диагностикалау, оқыту және қолдау стратегиялары» атты оқу курсын әзірлеп, іске қосты. Бүгінгі таңда Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің 17-тен астам өңірінен 4000-ға жуық маман оқытылды.
Материал авторы