ХАМАС екі тұтқынмен байланысты жоғалтқанын мәлімдеді
Израиль Газа қаласынан миллионға жуық тұрғын кетуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ХАМАС қозғалысы Израильдің әскери рейдтері кезінде екі израильдік тұтқынмен байланыс үзілгенін хабарлады. Әңгіме Матан Ангрест пен Омри Миран жайында.
Израиль армиясы араб тілінде Газа тұрғындарына ескерту жолдап, порт маңындағы және Рималь мен Сабра аудандарындағы үйлерден оңтүстікке көшуге шақырды. Әскерилердің айтуынша, бұл аудандардағы көпқабатты ғимараттардың бірінде ХАМАС инфрақұрылымы орналасқан.
Жаңа шабуыл қарсаңында Израиль Газа қаласынан миллионға жуық тұрғын кетуі мүмкін екенін мәлімдеген. Адамдар оңтүстікке, арнайы гуманитарлық аймақтарға көшірілуде.
Ал ХАМАС-тың әскери қанаты «екі тұтқынның өміріне қауіп төніп тұр» деп, ЦАХАЛ-ды бір тәулікке әуе шабуылдарын тоқтатуға шақырды. Ұйым өкілдерінің сөзінше, бұл қадам тұтқындарды қауіпті аймақтан шығару үшін қажет.
Еске салсақ, 2023 жылдың 7 қазанындағы теракт кезінде ХАМАС Израильден 250-ден аса адамды тұтқынға алған болатын. Бүгінде шамамен 50 тұтқын – тірі не қаза тапқандар – қозғалыстың қолында қалып отыр.
Al Jazeera телеарнасының дерегінше, жексенбі таңынан бері Израиль әуе соққыларынан Газа секторында кемінде 40 адам қаза тапқан.
Материал авторы