SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда өткен «Реалдың» ашық жаттығуында ерекше сәт болды. Испаниялық клубтың жұлдызы Килиан Мбаппе ДЦП диагнозымен күресіп жүрген жас жанкүйер Санжардың арманына қанат бітірді.
Бұл туралы бизнесмен әрі «Қайрат» футбол клубының қадағалау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Instagram парақшасында жариялады. Ол Санжарды жаттығуға арнайы шақырған.
Жас жанкүйер Мбаппемен ғана емес, «Реалдың» басқа ойыншыларымен де тілдесіп, естелікке суретке түсті. Футболшылар оған қолтаңбаларын сыйлап, ерекше ықылас танытты.
«Футбол – барлығына ортақ. Біз үшін ең маңыздысы – ешкімнің өзін шетте сезінбеуі. Спорттың миссиясы да – осындай мүмкіндік сыйлау», – деп жазды Боранбаев.
Айта кетейік, бұған дейін мадридтік клуб Алматыда жанкүйерлер алдында ашық жаттығу өткізген. Сондай-ақ, бас бапкер Хаби Алонсо алматылық «Қайрат» жайлы ойын бөліскен еді.
«Қайратты ешқашан төмен бағаламау керек. Бұл команда алғашқы минуттардан бастап қарқынды ойнап, ұйымдасқан футбол көрсетіп жүр. Ертең біздің жігіттер бар күшін салып, жоғары қарқынға төтеп беруге дайын болады. Прессинг жасап, шабуылға басымдық береміз. «Қайрат» физикалық та, тактикалық та тұрғыдан мықты дайындалған. Біз олардың „Селтикпен“ және „Спортингпен“ болған соңғы ойындарын мұқият талдадық. Құрамында әртүрлі стильде ойнайтын шабуылшылары бар, сондықтан басынан бастап олардың ырғағын бұзу маңызды», – деді Алонсо.
Мадридтік клубтың жаттықтырушысы қазақстандық ұжымның жеке шеберлігі де, командалық ойыны да жоғары екенін атап өтіп, алдағы матч «Реал» үшін нағыз сынақ болатынын қосты.
Ал клубтың жартылай қорғаушысы Федерико Вальверде жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына тәнті болғанын айтты:
«Фанаттардың мұндай қолдауы біз үшін үйреншікті жағдай. Бірақ осыған дейін бұл елге алғаш келіп тұрмыз. Соған қарамастан әуежайда да, қалада да бізді осынша жанкүйер қарсы алғанына қатты қуаныштымыз. Үйден жырақта жүргенде дәл осындай қолдауды сезіну ерекше әсер қалдырады».
RUS