SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ауғанстанда интернет біртіндеп өшіріле бастағанына бірнеше апта болған. Ал 29 қыркүйек кешке ел аумағында мүлдем желі істемей қалды.
NetBlocks веб-бақылау қызметінің дерегінше, «Талибан» бүкіл байланыс арналарын кезең-кезеңімен ажыратып, мұны «арсыздықпен күрес» қажеттілігімен түсіндірген. Билік «балама арналар құруға ниеттіміз» деп мәлімдеді, бірақ нақты қандай тетіктер қолданылатынын ашып айтқан жоқ.
Кабулда талшықты-оптикалық интернет тоқтап, сонымен қатар мобильді байланыс пен спутниктік теледидарда да іркілістер байқалды.
Шектеулер көлік қатынасына да әсер етті: елордалық әуежайда бірнеше рейс тоқтатылды. Жергілікті кәсіпкерлер мұндай жағдай ұзаққа созылса, үлкен шығынға бататынын ескертіп отыр.
Бұрынғы 1TV телеарнасының бас редакторы Хамид Хайдари әлеуметтік желіде:
«Ауғанстан интернетті толық өшіріп, ресми түрде Солтүстік Кореядан да озып кетті», – деп жазды.
2021 жылы билікке келген тәліптер елдегі білім беру мен адам құқықтарына қатысты саясатты қатаңдатып келеді. Шариғат ережелерін өз түсініктеріне сай енгізіп жатқан биліктің тыйымдарының көбі әйелдерге бағытталған. Қазір олар үшін саябаққа не базарға бару, үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеу, бетін жаппай көшеге шығу, ашық сөйлеу және өзара еркін әңгімелесу — қатаң тыйым салынған әрекетке айналды.
RUS