SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада бір топ адам «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайтын мемлекеттік жеңілдетілген несие бағдарламасын пайдаланып, 270 млн теңге көлемінде жалған несие рәсімдегені үшін сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер банкке жалған құжаттар мен бағалау актілерін ұсынып, несие алу үшін нақты нарықтық құнына сәйкес келмейтін жылжымайтын мүліктерді тартқан.
Сондай-ақ, қатерлі ісікпен ауырған әйелдің атына 155 млн теңге несие рәсімдеп, электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы жалған келісімшарттар жасаған. Нәтижесінде қаражат жеке кәсіпкерлердің шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сот үкімімен күдіктілер әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық жолмен алынған мүліктер – демалыс базасы, жер телімі және елордадағы коммерциялық жылжымайтын мүлік – мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
RUS